Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры Ұлыбритания Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырып жатқан Solution Journalism Lab II жобасының қорытынды жиыны өтіп, шешім журналистикасы жанрында материал дайындап ұсынған отандық журналистердің жұмысы таныстырылды.
“Бұл — “Әділ сөз” қорымен жүзеге асырып отырған екінші үлкен жобамыз. 2023 жылы пилот түрінде басталған жоба бүгінде үлкен әрі маңызды ұлттық бағдарламаға айналды. Бұл Ұлыбританияның Қазақстанда тәуелсіз және кәсіби медиа ортаны дамытуға қосқан үлесі іс жүзінде өз нәтижесін берді деген сөз”, — деді Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорси.
Жоба Қазақстанның әр өңірінен 650 өтінім келіп түскен. Соның ішіненелдің 19 өңірінен 90 журналист іріктелді: олардың 49-ы — қазақ тілінде, 41-і — орыс тілінде. Қатысушылар арнайы оқытудан өтіп, шешім журналистикасы жанрында материалдар дайындады.

Бұл жұмыстар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, нақты шешімдер ұсынды. Мысалы, солардың бірі Мақпал Айбабинаның зерттеу материалы елдегі дәрігерлер тапшылығы мен ескі ауруханалар тақырыбына арналып, бұл ретте телемедицинаның ауыл тұрғындарының денсаулығын дұрыстауға қалай көмектесетінін көрсетті. Ал, Владимир Бурьяновтың зерттеу материалы атмосфераға зиянды заттардың таралуын азайту жолдарына арналды.
Сонымен қатар жедел жәрдем қызметінің жұмысын оңтайландыру, Еуропа тәжірибесін ескере отырып қалдықтарды қайта өңдеу, Каспий мен Арал су ресурстарын сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, ауылдық жерлер мен үш ауысымды мектептердегі теңсіздік мәселелерін шешу тақырыптары жоба аясында таңдалып алынып, зерттеу нысанына айналды.
Материалдарда ұсынылған шешімдер нақты әрекеттерге ұласты. Мәселен, Ольга Лихограйдың қоқыс полигондары мәселесіне арналған материалынан кейін Рудный қаласында жаңа қалдықтарды өңдеу кешені орнатылды. Ал көршілес Перцевка ауылында «Жасыл Даму» бағдарламасының қолдауымен күздің соңына дейін қуаты жоғары шиналарды қайта өңдеу желісін іске қосу жоспарланып отыр.
Жания Әбдібектің үш ауысымды мектептер мәселесін көтерген материалынан кейін Жетісу облысы Текелі қаласының Рудничный кентінде және Көксай ауылында 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Мұндай мысалдар аз емес. Демек, шешім журналистикасы өз нәтижесін береді, әрі біздің қоғам үшін керек жанр.
“Бұл — тек ақпарат берумен шектелмейтін, бүгін бәрімізді алаңдатып отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға көмектесетін журналистика”, — деді жоба қатысушысы Маргарита Бутина.
Дөңгелек үстел барысында Шешім журналистикасы қауымдастығының таныстырылымы өтті. Қауымдастықтың мақсаты — шешім журналистикасы жанрын дамыту, қорғау және насихаттау, журналистердің кәсіби құқықтарын қорғау, материалдардың сапасын арттыру, журналистер, қоғам және мемлекеттік органдар арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту.

Сонымен қатар қазіргі уақытта еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында «Шешім журналистикасы» пәнін оқу бағдарламасына енгізу жұмыстары жүргізілуде.
“Біз жобаны аяқтап жатқан жоқпыз. Керісінше, келесі кезеңге, келесі деңгейге өтіп жатырмыз. Шешім журналистикасы қауымдастығын құру — қазақстандық журналистиканың дамуының жаңа кезеңі болмақ”, — деді “Әділ сөз” қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова.
Анықтама үшін: Шешім журналистикасы — әлемдік журналистикадағы жаңа үрдіс. Бұл жанр проблемаларды сипаттаумен ғана шектелмей, нақты әрі жұмыс істеп тұрған шешімдерді көрсетуге бағытталған. Бүгінде бұл бағытта әлемнің 90 елінде 9 мың журналист пен 2 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Олар қоғам өміріндегі оң өзгерістерге белсенді түрде үлес қосып келеді.