homepage
Фото: BBC.com

Трамп импорттық баж салығын 15%-ға дейін көтерді

22.02.2026, 13:00

АҚШ президенті Дональд Трамп Жоғарғы сот шешіміне жауап ретінде уақытша импорттық баж салығын 10 пайыздан 15 пайызға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Трамптың былтыр енгізген ауқымды тарифтерін заңсыз деп танып, президент өкілетінен асып кеткенін мәлімдеген. Сот шешімінде Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңға сәйкес мұндай шаралар Конгресс мақұлдауын талап ететіні көрсетілген. Трамп жаңа шешімін «заң жүзінде рұқсат етілген деңгей» деп атады және судьяларды экономика мен ұлттық мүддеге қауіп төндірді деп сынға алды.

1974 жылғы сауда туралы заңға сәйкес, президент 150 күнге дейін 15 пайыздық баж салығын енгізе алады, одан әрі Конгресс келісімі қажет. Уақытша шаралардан стратегиялық маңызы бар минералдар, металдар, дәрі-дәрмек, сондай-ақ USMCA аясындағы Канада мен Мексика тауарлары босатылған. Болат, алюминий, ағаш материалдары және автомобильдерге қатысты салалық баж салығы күшінде қалады.