Маңғыстау облысының соты биылғы қыркүйекте жаяу жүргіншілер өткелінде 2008 және 2022 жылы туған екі қызды қағып кеткен жүргізушіге үкім шығарды. Екі баланың да жүрегі тоқтап, жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ
Қайғылы оқиға Автодром ауданында болды. Сот барысында анықталғандай, Toyota Camry жүргізушісі кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, бас бостандығынан айырмай жаза тағайындауды сұрады.
Lada.kz жазуынша, прокурор сотталушыға жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырып, бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Зардап шеккен тарап қатаң жазалауды және моральдық шығынды өтеуді талап етті.
ЖҮРГІЗУШІГЕ ҚАНДАЙ ҮКІМ ШЫҚТЫ?
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының өкінетінін, соттылығының болмауын, жас балаларының барын ескерді. Алайда қылмыстың ауырлығын ескере отырып, ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі – «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша кінәлі деп танылды.
«Сот оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар сот жүргізушіні моральдық шығынды өтеуге міндеттеді - жәбірленушілердің әрқайсына 10 миллион теңгеден, сондай-ақ 1 867 375 теңге көлемінде материалдық шығын төлеуге міндеттеді», - делінген хабарламада.
14 желтоқсанда шығарылған үкім заңды күшіне енген жоқ, айыпталушы апелляциялық шағым түсірген жоқ.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.