homepage
Фото: haberler.com

Иранда наразылықтар қайта күш алды

22.02.2026, 11:41

Тегеранда жаңа оқу семестрі басталған күні бірнеше беделді университеттің студенттері жаппай наразылық акциясын өткізді. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, Тегеранның орталығы мен батысында орналасқан Амир Кабир атындағы технологиялық университет пен Шариф атындағы технологиялық университет студенттері кампус аумағына жиналып, ел билігіне және Иранның жоғары көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеиге қарсы ұрандар айтқан. Кей жерде олар үкіметті қолдайтын топтармен қақтығысқан.

Бұл толқулар Иран мен АҚШ арасындағы саяси шиеленіс күшейген кезеңде өтіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, сыртқы қысым мен ішкі экономикалық қиындықтар ел ішіндегі тұрақсыздықты ушықтырған.

Жаппай наразылықтар алғаш рет 2025 жылдың желтоқсан айының соңында басталған. Оған ұлттық валютаның күрт құнсыздануы себеп болған. Уақыт өте келе экономикалық талаптар саяси сипат алып, тікелей билікке қарсы ұрандарға ұласқан. Бірқатар өңірде интернет жұмысы шектелген. Қауіпсіздік күштері мен наразылар арасында қаза тапқандар бар. Кей деректерде екі мыңға жуық адамның көз жұмғаны айтылады.

12 қаңтарда Иран билігі жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеген. Ресми Тегеран бұл оқиғаларға сыртқы күштер араласты деп, АҚШ пен Израильді айыптаған.