Air Astana мен FlyArystan әуе компанияларына қатысты басталған жоспардан тыс тексеру материалдары сотқа жіберілді. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл тексеріс қаңтар айында қамауда отырған компанияның бұрынғы топ-менеджер Ренат Абулхановтың хатынан соң басталған болатын. Онда компания басшылығының нұсқауымен топ-менеджерлердің туыстары мен өзге де адамдардың мүддесіне жеңілдетілген әуе билеттерін рәсімделгені айтылып, айғақ ретінде скриншоттар ұсынылды. Бұл ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерді қызу талқыланды.
Осыдан соң прокуратура Азаматтық авиация комитетіне екі компанияның қызметін тексеру туралы талап жолдаған. Комитет жоспардан тыс тексеруді тіркеп, құжаттар сұратқан. Алайда компания талап етілген материалдарды бермеген.
«Сұратылған материалдар ұсынылмауына байланысты уәкілетті орган әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Материалдар қарау үшін сотқа жолданды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Ал, Азаматтық авиация комитеті сұралған ақпараттың бір бөлігі бақылау нысанына жатпайтынын мәлімдеді.
«Бақылау және қадағалау органы профилактикалық бақылау немесе тексеру нысанына жатпайтын құжаттар мен ақпаратты талап етуге құқылы емес. Аталған мән-жайлар профилактикалық бақылау немесе тексеру нысанына жатпайды», – деп түсіндірді комитет.
Еске сала кетсек, 15 қаңтарда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты әуе компаниясының үш бұрынғы қызметкерін аса ірі мөлшерде ақша жымқыру және заңдастыру бойынша кінәлі деп танып, 8 жыл 6 айдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын.