homepage
Фото: ТСМ баспасөзі

Шайдоровтың дайындығына қанша қаражат жұмсалды?

20.02.2026, 17:01

Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоровты даярлауға 2025 жылы 263 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Мәселен, 2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржы көлемі 263 394 581 теңгені құрады. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді. 2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС, федерация және әкімдік желісі бойынша) 33 989 000 теңгені құрады», – делінген хабарламада.

Жеке бапкер Алексей Урмановқа 26 млн теңгеден астам, хореограф И.В. Регинаға 23 млн теңге төленген. Бұдан бөлек, бағдарламалар қою, костюм тіктіру және авторлық құқық сатып алу шығындары қаржыландырылған. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы нәтижесі үшін Шайдоровқа 6,6 млн теңге сыйақы берілсе, жаттықтырушылар штабына 1,5 млн теңге төленген.

Министрлік бұл қолдау толық циклді жүйе аясында жүзеге асқанын атап өтті. Айта кетейік, Шайдоров елге 32 жылдан кейін қысқы Олимпиаданың алтынын әкелді.