Мемлекеттік сауда порталында ҰҚК Шекара қызметіне тиесілі қызметтік иттер аукционға қойылды. Кейбірінің бастапқы бағасы небәрі 935 теңгеден басталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
20 ақпанда электронды сауда алаңында тоғыз қызметтік ит сатылымға шығарылған. Сатушы ретінде Қорғаныс министрлігіне қарасты «Қазспецэкспорт» кәсіпорны көрсетілген. Ал иттер ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай және Алматы облыстары бойынша департаменттерінің балансында болған.
Саудаға неміс, шығыс-еуропалық және бельгиялық овчаркалар қойылды. Олар жеке-жеке де, бірнешеуін біріктіріп де ұсынылған. Алайда ілеспе құжаттарда иттердің не себепті қызметтен шығарылғаны туралы нақты мәлімет берілмеген.
Ең төмен баға неміс овчаркаларына тиесілі— әрқайсысы 935 теңге. Аукционның қорытынды бағасы мен иттерді кімдер сатып алғаны туралы ашық дерек жарияланбады.