Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен Қаржы мониторингі агенттігінің жиынында айтылған 7 трлн теңгенің транзакциясы төңірегіндегі әңгіме әлі де басылар емес. Ақорданың қазіргі баспасөз-хатшысы Айбек Смадияров осы мәселеге қатысты түсініктеме беріп, былай деді:
«Президент тексерілмеген ақпаратты жарияламайды. Егер ол 7 трлн теңге транзакция болды десе, демек солай болғаны. Бірақ бұл қоғамдық талқылауға емес, Қаржы мониторинг агенттігінің ғимаратындағы жиында болған қатысушыларға арналған ақпарат еді. Яғни тек қызметтік сипаттағы мәлімет. Транзакция жүргізілген банк не мәселе екенін біледі».
Оның сөзінше, мемлекет басшысы істің кейбір тұсын әдейі жария етпеген.
«Президент саяси орындылық пен дипломатиялық хаттама талаптарын ескере отырып, транзакциялық қаражаттың қай елден шыққанын да, қай елге бағытталғанын да әдейі жария етпеді. Сондай-ақ санкциялық режим жағдайында мұндай функцияны өз мойнына алған банктің атауын да атамады», – деді Смадияров.
Бұл ақпарат Ақорданың ресми каналдарында жарияланып, келер күні Президенттің көмекшісі әрі баспасөз-хатшысы Руслан Желдібай қызметінен кеткен. Президенттің осы сөзінен соң кейбір банктердің трансшекаралық операцияларына тексеру басталған.