Елордада биыл газдандыру жұмыстары толық тәмамдалып, қалған тұрғын массивтері көгілдір отынға қосылады. Қазірдің өзінде 300 мың тұрғынның 290 мыңы газбен қамтылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, осы жылы «Шұбар», «Үркер», «Өндіріс», «Пригородный» және «Garden Village» тұрғын алаптары газ жүйесіне қосылады. Осылайша, қала аумағындағы газдандыру жобасы толық аяқталмақ.
Бұдан бөлек, 2026–2027 жылдары Қызылсуат, Қаражар және Тайтөбе елді мекендеріне газ тарту жоспарланып отыр. Бұл тағы 26 мың тұрғынды көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді.
Ресми дерекке сәйкес, қазіргі таңда ел бойынша 13 миллион адам газға қол жеткізген. Биыл 40 газдандыру жобасын іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 10 ауылдағы 32 мыңнан астам тұрғын газбен қамтылады. Жобалар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау және Жетісу өңірлерінде жүзеге асады.