Алматының символына айналған Көк базар қазір ауқымды жаңарту кезеңінен өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы 13 қарашада басталған. Жобаны 2026 жылғы 13 мамырда аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Tengrinews.kz дерегінше, Көк базар аумағындағы жобаның тапсырыс берушісі – «Компания “ДОСТАР-КОММЕРЦ”» ЖШС, ал жобалаушысы – «BASIRE DESIGN GROUP» ЖШС. Жоба былтыр мамырда қалалық жоспарлау кеңесінде мақұлданған.
Қайта жаңғырту барысында ғимараттың сейсмотұрақтылығына ерекше мән берілмек. Мамандар заманауи іргетас технологияларын қолдануды ұсынған. Сонымен қатар базар аумағы толықтай қолжетімді орта қағидатына сай бейімделуі тиіс. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сауда орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасалады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, басты мақсат – Көк базардың тарихи келбетін сақтай отырып, оны заманауи қалалық кеңістікке айналдыру. Жаңа жоспар бойынша базар өзінің дәстүрлі сауда қызметін жалғастырады, бірақ инфрақұрылымы жаңарып, қала құрылымымен үйлесімді бола түседі.