homepage
фото: ашық дереккөзден

Үлескерлер үні: 150-ден астам атыраулық баспанасыз қалды

19.02.2026, 18:01

«Сұлтан Бейбарыс» пен «Әлия». Бұл тарихи туындының емес, Атырауда салынуы тиіс екі тұрғын үй кешенінің атауы. Әуелде жарнамасы жер жарған. «Қазір сатып алмасаңыз, қапы қаласыз» деп «Arkantor» құрылыс компаниясы тұрғындардың сеніміне кіреді. Ақшасын алады, үйді салады. Бірақ, аяқтамайды. 

150-ден астам атыраулық үлескерлердің үміті үзілуге шақ. Солардың бірі – төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана Райхан Нұрланқызы. Оның айтуынша, ол 74 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер үшін үй құнының жартысын алдын ала төлеген. Қазір пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Бұрынғы баспанасын сатып, жаңа үйге көшу жоспары іске аспай қалған. 

«Сұлтан Бейбарыс» тұрғын үй кешені жобада 98 пәтерден тұруы тиіс еді. Оның ішінде 79 пәтер алдын ала сатылған. Бастапқы кезеңде бір шаршы метрдің бағасы 300 мың теңге көлемінде белгіленген. Жарнамасына сенген көптеген азаматтар осы бағада келісімшарт жасап, қаржы құйған. Ал «Әлия» тұрғын үй кешені бойынша 80-нен астам азамат салым жасаған. 6 блоктан тұруы тиіс кешеннің бір блогы ғана тұрғызылған, оның өзі сегіз қабаттан әрі аспаған және толық аяқталмаған. 

Құрылыс компаниясының басшысы ешқайда қашып кеткен жоқ. Елде әзірге. Тек айтатын уәжі біреу: «инфляция, қаржылық дағдарыс». Компания өкілдерінің айтуынша, соңғы алты ай бойы есепшоттары бұғаттаулы, себебі бірқатар мекемелер алдындағы міндеттемелер уақытында орындалмаған. Компания директоры Болатбек Тәжіғұл есептен жаңылғанын мойындап отыр. Бастапқыда «Сұлтан Бейбарыс» жобасына 2,5 млрд теңге қажет деп жоспарланған, алайда қазір шығын көлемі 3 млрд теңгеден асып кеткен. Құрылыс жұмыстары шамамен 65 пайызға аяқталған. Оның айтуынша, үлескерлерден түскен 2,5 млрд теңге толығымен құрылысқа жұмсалған, компания өз есебінен 500 млн теңгеге жуық қаржы салған. Компания банкротпыз деп отыр. “Одан шығудың бір жолы бар – ол мемлекеттік тендерлерге қатысу”-, деген дәмесін де жасырмайды Тәжіғұл. 

Қала әкімдігі бұл жағдайдан түгел хабардар. Бұл жолы да облыстық әкімдік алдына жиналған үлескерлер алдына шығып, турасын айтты: «мемлекеттік бюджеттен аталған құрылысты аяқтауға бір тиын да бөлінбейді». Әкімдік бұл мәселені заңмен, сот арқылы шешуді ұсынады. Қазіргі басқа мердігер іздестіріліп жатыр, бірақ «пәледен машайық қашыпты», ниет білдірген компания табылмаған. Жаңа мердігер табыла қалған жағдайда да үлескерлерге ескі бағамен пәтер кілтін ұсына қоймайтыны айдан анық.