Алматыда Франсис Пуленктің «Адам дауысы» монооперасы алғаш рет қазақ тілінде сахналанады. Премьера 20 ақпанда сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы сахнасында өтеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте филармония директоры Нұрғиса Мұратұлы бұл жобаның Ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқанын айтты. Оның сөзінше, әлемдік деңгейдегі туындыны қазақ тілінде симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындау – ұжым үшін маңызды қадам. Монооперада жалғыз солист ретінде актриса Дәрия Жүсіп өнер көрсетеді.

Бас дирижер, Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Қанат Омаров шығарманың музыкалық жағынан күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, туынды драмалық актрисаға лайық жазылған және эмоциялық жүктемесі жоғары.
Дәрия Жүсіп бұл жұмыстың жауапкершілігі зор екенін жеткізді. Актрисаның айтуынша, қойылымда бүгінгі жаһандану дәуіріндегі адамның, соның ішінде әйелдің ішкі күйзелісі мен сезім арпалысы көрініс табады.
Айта кетейік, 2023 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Жан Кокто пьесасын «Дауыс» атауымен сахналаған болатын. Енді бұл шығарма моноопера жанрында қазақ тілінде жаңа форматта көрерменге ұсынылмақ.