Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот 65 жастағы экс-президентті қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және елді бүлікке шақырды деп айыптайды. Алайда, Юн Сок Ёльдің өзі бұл айыптарды мойындаған жоқ. Ал, адвокаты сот шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.
Еске салайық, 2024 жылдың 3 желтоқсанында Юн Сок Ёль халыққа үндеу жасап, елді «Солтүстік Кореяның коммунистік күштерінен қорғау» мақсатында төтенше әскери жағдай енгізетінін жариялаған. Алайда үндеуден кейін 150 минут өткен соң парламент шұғыл отырыс өткізіп, әскери жағдайды жою туралы шешім қабылдады.14 желтоқсанда парламент оған импичмент жариялады.
Әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты Юнға қарсы барлығы сегіз қылмыстық іс қозғалған. Ел прокуратурасы тіпті ол үшін өлім жазасын сұраған.
Жалпы, Оңтүстік Кореяда 1948 жылдан бері қызмет еткен 13 президенттің кемінде сегізі түрлі саяси дауға немесе қылмыстық іске ілінген. Олардың арасында импичментке ұшырағандар, жемқорлық үшін сотталғандар, әскери төңкеріс пен билікті асыра пайдалану айыптарымен жауапқа тартылғандар бар.