Таразда 13 жастағы қызды ұрламақ болғандардың жолын кескен тұрғын марапатталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Оқиға кезінде екі адам аялдамада тұрған жасөспірімді күштеп көлікке отырғызбақ болған. Сол сәтте қасында болған Нұркен Умаров араша түсіп, қызды аман алып қалған. Күдіктілер көп ұзамай ұсталды.
Осы ерлігі үшін Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев Нұркен Умаровқа Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың және өзінің атынан алғыс білдірді.
«Кейде ерлік лауазыммен де, формамен де өлшенбейді. Ол қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, көмек бере алумен өлшенеді. Сіздің жедел әрекетіңіздің арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығына қосылған үлес», – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева күдіктілердің ағайынды екенін, олардың есірткіге тәуелділігі анықталғанын мәлімдеді. Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.