homepage
Фото: primeminister.kz

Парламент қашан тарайды?

19.02.2026, 15:10

Қазіргі Парламент құрамы өз жұмысын 1 шілдеге дейін атқарады. Егер референдумда жаңа Конституция жобасы қолдау тапса, 1 қыркүйектен бастап жаңа құрам жасақталып, жұмысын бастайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша,

«Өтпелі ережелерге сәйкес, егер Қазақстан халқы Конституция жобасын қолдаса, біз осы құраммен 1 шілдеге дейін жұмыс істейміз, ал 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент жұмысын бастайды. 1 қыркүйекте жаңа адамдар келеді, сұрақты соларға қоясыздар».

Оның сөзінше, қазіргі Сенат пен Мәжілістің өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін аралық кезеңде сайлау өтуі тиіс.

«Сенат пен Мәжілістің өкілеттігі тоқтаған соң, осы уақыт ішінде сайлау өтуі керек. Тиісінше, бұл 1 қыркүйекке дейін болады», – деді ол.

Журналистер сенаторларға өкілеттік тоқтағаннан кейін өтемақы төлене ме деген сауал қойды. Әшімбаев бұл мәселеге қатысты:

«Парламент жұмысының тоқтауына байланысты шаралар ел заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады» деп жауап берді.

Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында парламенттік реформаны – Сенатсыз бір палаталы Парламентке көшу мәселесін референдумға шығаруды ұсынған болатын.