Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына байланысты үндеу жасады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық», – деп жазды Бас мүфти әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ ол қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірінің бағасы халыққа қолжетімді болуы керектігін атап өтті.
«Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз», – деп үндеді Наурызбай қажы Тағанұлы.