homepage

Атырауда ауруханада нәрестесінен айырылған ана дәрігерлерді кінәлайды

Juzmedia. kz
13.12.2024, 16:24

Әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг нәтижесінде 10 айлық сәбиінің өліміне дәрігерлерді айыптаған әйелдің видеожазбасы анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Әйелдің айтуынша, баланың қызуы көтерілген. Келесі күні, 6 желтоқсанда ол жұқпалы аурулар ауруханасына медициналық көмекке жүгініпті, ол кезде нәрестенің дене температурасы 38,9-ға жеткен.

«Дәрігер баланы тексеріп, баланың тістері шығып жатқан соң іші кеуіп, қызуы көтерілген шығар деп болжады. Маған облыстық балалар ауруханасына бар деді. Барғаннан кейін баламды тексеріп, жұқпалы аурулар ауруханасына бару керек екенін айтты»дейді анасы видеода.

Ана бес сағат бойы таксимен ауруханалар арасында жүрген. Түнде сәби №2 аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған.

БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ?

«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған оқиғаға қатысты пікір білдірген.

«2024 жылдың 6 желтоқсанында сағат 14:51-де №2 облыстық аурухананың қабылдау бөлімшесіне дене қызуының көтерілуі және құсу шағымдарымен ана мен бала медициналық көмекке жүгінді. Баланы қабылдау бөлімшесінің кезекші дәрігері тексеріп, алдын ала диагнозы «Ауа тамшыларының инфекциясы, өткір іш ауруы?» деген. Стационарлық емдеу ұсынылды. Алайда баланың анасы ауруханаға жатудан бас тартып, тиісті қолхат жазған.

Сол күні сағат 16:04-те сәбидің анасы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімшесіне барып, баланы хирург пен педиатр қараған. Диагнозды нақтылау үшін кеуде қуысының рентгенографиясы және іш қуысы ағзаларының УДЗ жасалды. Тексеріп, қарағаннан кейін бала №2 Атырау облыстық ауруханасына стационарлық емдеуге жіберілді», - делінген басқарма хабарламасында.

Ал №2 облыстық ауруханаға сағат 18:10-да жүгінген кезде баланың жағдайы ауыр болған. Қабылдау бөлімшесінде кезекші дәрігер дереу реаниматологты шақырып, қарқынды терапия палатасында реанимациялық көмек бере бастайды. Бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Жансақтау бөлімінде директордың, емдеу ісі жөніндегі директор орынбасарының, штаттан тыс инфекционисттің, балалар жансақтау бөлімшесінің меңгерушісінің және реаниматологтың қатысуымен консилиум ұйымдастырылды. Сондай-ақ кеңес алу үшін невропатолог пен офтальмолог шақырылды.

«Зертханалық талдау нәтижелері алынған кезде  баланың объективті жағдайы қауіпті көрсеткіштерді көрсетті. Жансақтау бөлімшесінде қарқынды терапия және реанимациялық шаралар жүргізілді. Алайда, барлық әрекетке қарамастан, сәби 7 желтоқсан күні сағат 00:20-да қайтыс болды», - делінген хабарламада

ТЕКСЕРУ БАСТАЛДЫ

Осы оқиғалардан кейін Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізу үшін комиссия құрды. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар алынатын болады.

«Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы болған жағдайға байланысты көңіл айтады», - деп түйіндеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы. 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.