Халықаралық әйелдер күніне орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ елдің бірнеше бағытында қосымша вагондар шығарады. Компания мәліметінше, мереке қарсаңында сұранысы жоғары бағыттарға 122 тіркемелі вагон қосылып, шамамен 6 мың жолаушыны тасымалдау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қосымша вагондар солтүстік, оңтүстік және батыс өңірлерге, сондай-ақ қала маңы бағыттарына енгізіледі. Астанадан Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен және өзге де қалаларға қатынайтын пойыздар күшейтіледі.
Билеттерді комиссиясыз bilet.railways.kz ресми сайтынан және компания кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпарат 1433 байланыс орталығы арқылы беріледі.
Сонымен қатар Наурыз мейрамы қарсаңында қосымша үш пойыз іске қосу жоспарланған. Олар шамамен 35 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.