Милан қаласында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен ерлер арасындағы 500 метр қашықтықта жартылай финалдық жарыстар аяқталды. Қазақстандық Денис Никиша жалпы есепте 7-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Денис Никиша жартылай финалдың екінші тобында сынға түсті. Тартысты өткен бәсекеде қазақстандық спортшы мәре сызығын төртінші болып кесіп, шешуші финалға өте алмады.
Осыдан кейін ол жұбаныш кезеңінде өнер көрсетіп, В финалына жолдама алды. Бұл сында 6–10 орындар сарапқа салынды. Қорытындысында Никиша 7-орынға табан тіреді.
Тағы бір қазақстандық Абзал Әжіғалиев жарысты ширек финалда аяқтады. Ол өз тобында екінші орында келе жатқанымен, соңғы айналымда италиялық қарсыласымен соқтығысып, жартылай финалға өте алмады.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында бір ғана алтын медаль бар. Оны мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңіп алған.