Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды. Ислам дінінде айлардың асылына айналған бұл кезеңде мұсылмандар ораза ұстап, құлшылығын күшейтеді. Күні бойы ауыз бекітумен шектелмей, теріс әдеттерді тыйып, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге ұмтылады.
Наурыздың 16-сынан 17-сіне ауғанда Қадір түні болады. Ораза айт 20 наурызға келіп тұр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақасының мөлшерін биыл 735 теңге деп бекітті. Ол 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелген. Ал ауқатты адамдар садақаны 2 келі мейіз немесе 4 келі құрманың бағасымен, яғни, 6 400 бен 12 400 теңге аралығында бергені абзал.
Рамазан айы мұқтаж жандарға жанашырлық танытып, игі істерді көбейтетін ай. Ораза балиғат жасына жеткен мұсылмандарға парыз. Дегенмен, белгілі бір жағдайларда жеңілдіктер қарастырылған.
Оразадан босатылатындар:
балиғат жасына толмаған балалар;
сырқат немесе денсаулығына байланысты ораза ұстауға шамасы келмейтін жандар;
денсаулығында күрделі мәселелері бар қарттар;
жүкті және бала емізетін әйелдер;
үзірлі әйелдер;
сапарда жүрген адамдар.
Егер ораза дәлелді себеппен — ауру, сапар немесе өзге де жағдайлармен бұзылса не ұстай алмаса, кейін қаза ретінде өтелуі тиіс.
Оразаны бұзатын әрекеттер:
күндіз әдейі тамақ немесе су ішу;
дәрі ішу;
темекі шегу және ішімдік ішу;
ерлі-зайыптылардың жақындасуы;
өтірік айту, өсек тарату, балағат сөз қолдану;
рия, яғни көрсетіп тақуалық жасау.
Ал мына жағдайлар оразаны бұзбайды:
сілекейді абайсызда жұтып қою;
ұмытып ішіп-жеу;
медициналық ем-шаралар, соның ішінде ине салдыру немесе тіс емдету;
көзге және құлаққа тамшы тамызу;
су тамаққа кетпейтін жағдайда гигиеналық рәсімдер жасау;
крем мен майларды жағу.