homepage
Фото: Ақорда

Тоқаев Вашингтонға барды

19.02.2026, 10:03

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 ақпанда Вашингтонға жұмыс сапарымен барды. Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, бірқатар шет мемлекет көшбасшыларымен және АҚШ-тың ресми тұлғаларымен кездесулер өткізеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Саммит аясында негізгі назар Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға, өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және гуманитарлық қолдауды жүйелеуге аударылмақ.

Еске салсақ, 22 қаңтарда Давоста өткен жиында Тоқаев АҚШ бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойған еді. Осылайша, Қазақстан бұл құрылымның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі атанып отыр. Құрылтай рәсіміне 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысқан.

Вашингтонның тұжырымдамасына сәйкес, Бейбітшілік кеңесі Газадағы стратегиялық бақылауға, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және бейбіт даму жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қадағалауға жауап береді. Құрылтайшы атқарушы кеңеске дипломатия, инфрақұрылым, экономикалық стратегия және даму саласында тәжірибесі бар жеті тұлға енеді. Сонымен қатар 11 адамнан тұратын Газа атқарушы кеңесі жасақталып, жаңа үкіметтің қызметін бақылау жүктеледі.