Әлемдік бестселлер авторы Пауло Коэльо әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан даласында түскен суретін жариялады.
«Әлемді аралай келе, енді Қазақстандамын. Жылқы жылына шабытпен қадам басып келеміз. Баршаңызға Жаңа жыл құтты болсын!», деп жазды жазушы.
Коэльо — заманауи әдебиеттегі ең ықпалды тұлғалардың бірі. Оның 1988 жылы жарық көрген “Алхимик” романы 80-нен астам тілге аударылып, 65 миллионнан астам данамен сатылған. Бұл шығарма ХХ ғасырдың ең көп оқылған кітаптарының қатарында аталады. Әдеби сыншылар Коэльоны жаһандық оқырман санасына ықпал ете алған сирек авторлардың бірі ретінде бағалайды.
Жазушы шығармашылығының негізгі философиялық категориясы — «жол». 1986 жылғы рухани сапарынан кейін жазылған The Pilgrimage романында бұл мотив өмірлік тәжірибемен ұштасады. Коэльо үшін сапар — географиялық қозғалыс қана емес, адамның ішкі ізденісінің формасы.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан кеңістігінің символикалық мәні ерекше. Ел аумағы тарихи Ұлы Жібек жолының бір бөлігі саналады. Дала — қозғалыс философиясының бейнесі болса, жылқы — Ботай мәдениетінен бастау алатын өркениеттік код ретінде зерттеледі.
Арнайы Juzmedia үшін Ая Өміртай