Қызылордада секс-құлдықта болған 16 жастағы қыздың ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы сотталушы кәмелетке толмаған қыз баланы жезөкшелікке мәжбүрлегені үшін сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ?
Сотта К.-ға қатысты кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту, сондай-ақ сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.
«Сотталушы, жәбірленуші С.-ның кәмелетке толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар бірнеше рет жәбірленушілер К., О., К.Г., Д.-лардың сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатып, облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған», - делінген сот хабарламасында.
ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
СОТ ҮКІМІ
«Сот үкімімен сотталушы бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар қазіргі уақытта сутенерлік және есірткі тұтынуға итермелеу айыптары бойынша тағы екі іс қаралып жатыр. Ол істердегі жәбірленуші де – осы кәмелетке толмаған қыз.
ОҚУШЫ ҚЫЗДЫ ЕСІРТКІ ТҰТЫНУҒА МӘЖБҮРЛЕГЕН
Аталған сот үкімі шығарылғанға дейін ер адам дәл осы іс бойынша өзгені бопсалады деген айыппен сотталған болатын. Сотта оның оқушы қызды қорқытып, 700 мың теңге талап еткені, сонымен қатар оның әмиянынан 35 мың теңгесін алып алғаны анықталды. Осы айып бойынша ер адам төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, биылғы тамыз айының басында жәбірленушінің анасы қызын сыныптастары мен олардың туыстары есірткі тұтынуға мәжбүрлеп, күштеп ұстап, ақша бопсалағанын, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегенін және физикалық тұрғыдан күш көрсеткенін мәлімдеген болатын.
Іс бойынша барлығы 11 күдікті бар, оның бесеуі – кәмелетке толмағандар.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.