17 ақпаннан 18-іне қараған түні қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде қысқа бағдарламаны орындап, 68,48 ұпай жинап, жалпы есепте 12-орынға тұрақтады. Бұл – спортшының жеке рекорды. Алайда, сарапшылар Самоделкинаның сәтті өнері британдық төреші тарапынан төмен бағаланғанын айтып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Нәтиже жарияланған сәтте бапкері Рафаэль Арутюнянның реакциясы әлеуметтік желіде талқыға түсті. Тұнжырап басын шайқаған тренердің бұл реакциясын спорт комментаторлары да байқаған.
“Арутюнян ұпайды төмендетіп қойды деп есептейді. Рафаэль ағай – өз реакциясын бірден білдіретін маман”, – деді Qazsport комментаторы тікелей эфирде.
Софьяға ең жомарт ұпайды румындық төреші қойып берген. Қысқа бағдарламасын орындап болған соң Самоделкина сұхбат беріп, қысқа бағдарламадағы өз өнеріне көңілі әбден толатынын айтты.
“Бүгін мен шынымен де ең үздік қысқа бағдарламамды көрсеттім. Менің ойымша, жаттықтырушымның ойынша да, ол мінсіз болды. Өте бақыттымын әрі ризамын. Стадионда мені қолдап тұрған адамдарды көрдім. Бұл мен үшін керемет қолдау болды. Әсіресе Михаилдың алтын медалінен кейін үлкен жауапкершілікті сезінемін. Трибунада отырған спорт министрін де көрдім”, – деді спортшы.
Норвегиялық журналистің “неге Қазақстан атынан өнер көрсетемін деп шештіңіз?” деген сұрағына Софья Самоделкина бұл шешімінің астарында тек саясат қана емес, өзге де себептер жатқанын жұқалап жеткізді.
“Мен бұл сұраққа жауап бергім келмейді, себебі бұл тақырып бұған дейін талқыланды. Мен Қазақстан атынан екінші рет бақ сынап жатырмын және оны өз елім деп санаймын. Маған осы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік берген ел, және мен оған өте ризамын”, – деп жауап қатты.
Мәскеуде туған мәнерлеп сырғанаушы 2023 жылғы шілдеде Қазақстан азаматтығын алды. Ұлттық құрамада өнер көрсетеді.