Тыңдаған қазақтың рухын асқақтататын «Мен қазақпын» хитының орындаушысы Ерболат Құдайберген наркодиспансерге жатқызылды. Ол 15 тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы наркологиялық орталықтың алдында тұрған Ерболат Құдайбергенге ұқсайтын адамның видеосы тараған болатын. Алайда әншінің өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әншінің үстінен Алматыдағы көпқабатты үй тұрғындарынан шағым түскен. Олар оның қоғамдық тәртіпті бұзып, агрессивті мінез көрсеткенін айтқан.
«Оқиға орнына учаскелік инспектор бірден барған. Шағым расталды: азаматтың жағдайы нашар екені байқалды, айналасындағы адамдардың мазасын алып, өзін агрессивті ұстаған», – делінген полиция хабарламасында.
Ұсталғаннан кейін әншіні дәрігерлер тексеріп, наркологиялық мекемеде 15 күн емделуі қажет деген шешім шығарды.
Сонымен қатар, Ерболат Құдайберген әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған тыныштықты бұзу, тіркеусіз тұру және қоғамдық орында азаматтарға тиісу бойынша айып тағылған. Полиция бұл оқиға бірінші рет еместігін атап өтті.