homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Н.Назарбаев сотқа жүгінді

18.02.2026, 16:15

Бұрынғы президент Н.Назарбаевтің інісі Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды сұрап, сотқа қайта жүгінді. Оның мемлекет алдындағы берешегі 63 миллиард теңгеден асқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

17 ақпанда сот оның өтінішін қабылдап, банкрот деп тану туралы азаматтық істі қозғаған. Істі қарауға дайындық аясында Нұрбол Назарбаев 3 наурыз күні сотқа шақырылды. Үшінші тарап ретінде Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тартылды. 

Назарбаевтың негізгі қарызы – 61,8 млрд теңге. Оның 55 миллиарды заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтарудан түсетін арнайы мемлекеттік қорға аударылуы тиіс. Бұдан бөлек, 1,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Жалпы берешек көлемі 63,7 млрд теңгеден асады.

Сот арқылы банкроттық рәсімі бойынша борышкердің барлық мүлкі – пәтер, көлік, бизнес, өзге де активтері сатылып, түскен қаражат кредиторларға үлестіріледі. Егер мүлік жетпесе, қарыз толық өтелмеуі мүмкін. Сот банкрот деп таныса, оған бес жыл бойы несие алуға тыйым салынады, үш жыл қаржылық жағдайы бақылауда болады, ал қайта банкрот болуға тек жеті жылдан кейін ғана өтініш бере алады.

Бұл – оның үшінші әрекеті. 2025 жылдың қыркүйегінде сот осы өтінішін қараусыз қалдырған. 

Сонымен қатар Нұрбол Назарбаевқа қатысты «Алтын Орда» базарының бұрынғы иесі Айдарбек Хұсайынов 15 млрд теңге өндіру туралы талап арыз берген. 

Нұрбол Назарбаев 2017 жылға дейін құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, Алматы облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. Кейін кәсіпкерлікке ауысып, елдегі ең бай кәсіпкерлер тізіміне енді. 2024 жылы 75 ең бай бизнесмен рейтингінде 49-орында, ал 2025 жылдың мамырында 57-орында тұрған. Сол кезде оның дәулеті шамамен 179 миллион доллар деп бағаланған.