Таразда 13 жастағы қызды аялдамада ұрлауға әрекеттенген күдіктілер ағайынды, есірткіге тәуелді адамдар болып шықты. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін Жамбыл облысында екі белгісіз ер адамның автокөлікпен аялдамада тұрған жасөспірімді күштеп алып кетпек болғаны хабарланған еді. Ақпарат полицияға түскен соң, оқиға орнына жедел жеткен қызметкерлер күдіктілерді ұстады.
Полицияның мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шұғыл жетті. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», – делінген хабарламада.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.