homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Нығматулиндер ісі: бизнес-империяға төнген қауіп

18.02.2026, 14:02

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы сенатор әрі кәсіпкер Ерлан Нығматулиннің төрт компаниядағы үлесіне шектеу қойды. Бұл шешім Нығматулиндер әулетіне қатысты жүріп жатқан тергеу аясында қабылданған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Шектеу «Asia FerroAlloys», «Ekibastuz FerroAlloys», «Qaz Enrichment» және «Каражыра» акционерлік қоғамындағы үлестерге қатысты. Алғашқы екі жоба кезінде Қазақстанның Даму банкі арқылы 110 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Ал, кәсіпкердің үлесі бар «Qaz Enrichment» көмір байыту фабрикасы салық төлемеген. «Каражыра» компаниясының 10 пайыз үлесі де Нығматулиндерге тиесілі. Сот шешімі жабық тәртіпте қаралғандықтан, нақты себептері жария етілмеді. Кәсіпкердің «YDD Corporation» компаниясындағы үлесіне әзірге шектеу қойылмаған.

Ерлан Нығматулинге қатысты іс қарағандылық кәсіпкерлердің шағымынан кейін қозғалған. Олар көлік компаниясы мен белгілі бренд дүкенін бопсалау арқылы тартып алды деп мәлімдеген. Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары оның бопсалау және адамды заңсыз шектеу баптары бойынша күдікке ілінгенін жазған.

2025 жылдың наурызында оның бауыры Арғын Нығматулинге іздеу жарияланды. Ол Қарағанды облысында хоккейге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Сонымен қатар Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты да тергеу жүріп жатыр. Бас прокуратура Түркияға құқықтық көмек сұрап, жауап күтуде.