Маңғыстау облысында заңсыз онлайн-казино жұмысын ұйымдастырды деген күдікке ілінген Рантик Бахтияр Оглы Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу дерегінше, заңсыз ойын платформасы ретінде «bingo37.pro» сайты пайдаланылған. Аталған сервисте мыңнан астам құмар ойындар, олардың ішінде «Crazy Monkey», «Keno», «Euro Game» секілді кең таралған ойындар болған.
Ойыншылар Telegram мен WhatsApp арқылы тартылған. Қаражатты қабылдау және ізін жасыру үшін Грузия мен Тәжікстан азаматтары пайдаланылған. Олар Қазақстанға келіп, өз атына банк шоттары мен телефон нөмірлерін тіркеген. Сол шоттар арқылы 3,1 миллиард теңгеден астам ақша айналымға түскені анықталып отыр.
2025 жылдың тамызында күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. 2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.
Сот шешімімен PORSCHE CAYENNE және LEXUS GX 460 маркалы көліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.