Қырғыз ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевтің жақтаушысы Нұрғазы Анарқұлов Бішкектегі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 17 ақпанда ұсталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Kaktus.media мәліметінше, Анарқұлов Қырғызстан шекарасында қолға түскен. Алайда кей деректерде оның Ыстанбұлда ұсталғаны айтылады. Ұсталғаннан кейін оның үйінде тінту жүргізілген.
Анарқұлов бұған дейін де қылмыстық іске ілінген. 2021 жылдың қаңтарында ол президент аппаратының ақпараттық саясат бөлімін басқарған кезде аса ірі көлемде пара талап етті деген күдікпен ұсталып, қамалған болатын. Тергеу нұсқасына сай, жоғары қызметке тағайындауға ықпал етемін деп ақша сұраған. Кейін қызметінен босатылып, уақыт өте бостандыққа шыққан.
Еске салайық, бес жыл бойы Қырғыз ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Қамшыбек Ташиев жуырда қызметінен алынды. Президент Садыр Жапаров оның жақтастары қоғамда жік туғыза бастағанын мәлімдеген.