ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омаровты тергеуді бастады, осылайша екі-үш күннен бері ел арасында айтылып жүрген әңгіме расталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
13 ақпанда әлеуметтік желіде шенеуніктің ұсталғаны туралы мәлімет тараған. Алайда облыс әкімдігі ол кезде мұндай ақпаратты жоққа шығарып, орынбасардың денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысына шыққанын мәлімдеген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу басталғанын хабарлағанымен, істің мән-жайын және қандай бап бойынша қозғалғанын ашып айтпай отыр. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес өзге мәлімет жарияланбайды, деп қысқа қайырды комитет қызметкерлері.
11 ақпанда Жақсылық Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, өткен жылғы өңірдің әлеуметтік жетістігін қорытындылағанын жазған. Шенеунік 45 жаста, Алматы облысының тумасы. Түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды, Өскемен қаласының әкімі болды. 2025 жылдың сәуірн айында ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.