homepage
фото: ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Енді дипломы жоқ блогерлер онлайн-курс сата алмайды

17.02.2026, 18:31

Онлайн-курс сатып оңай олжаға кенеліп жүрген отандық блогерлерден енді дипломын көрсету талап етілмек. Дипломы жоқ инфлюенсерлерге курс сатуға тыйым салынбақ.  Бұл туралы депутаттық сауалға жауап бере отырып ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов хабарлады.

Үкімет басшысының айтуынша, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар туралы заңға түзетулер енгізілмек. Негізгі нормалардың бірі - уәкілетті органдардың талабымен тыйым салынған контентті өшірмеген жағдайда, Қазақстандағы онлайн-платформалар өкілдеріне айыппұл салынады. 

Үкімет әлеуметтік желідегі бақылаушы күшейтіп, контентті сүзгіден өткізіп, тыйым салынғандарын өшіріп жатыр. Бұл жұмысқа Meta, TikTok секілді платформалардың әкімшілігі де тартылған. Онлайн-жарнама да қатаң бақылауға алынған. “Кибернадзор” жүйесі арқылы мемлекеттік органдар қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды, есірткі саудасын және интернет-алаяқтықты анықтайды. Тек 2025 жылдың өзінде есірткіні насихаттайтын 13 800 материал, онлайн-казино жарнамаланған 34 748, қаржы пирамидалары туралы 13 518 материалға тосқауыл қойылған. 

Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін 2022–2023 жылдарға жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша 850 блогерден шамамен 500 млн теңге өндіріп алғанын айтқан. Инфлюенсерлер жарнамадан түскен табысты, соның ішінде бартер мен сыйлық түрінде алынған кірістерді декларацияламаған. Қазіргі уақытта 622 блогер қосымша салықтық есептіліктерді ұсыну арқылы 18 292 млн теңге сомасында табысын декларациялады, 875,5 млн теңге салық есептелді.