homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Маңғыстау облысында тағы бір сарбаз қаза тапты

17.02.2026, 17:14

Маңғыстау облысында тағы бір сарбаз көз жұмды. Қайғылы жағдай 2025 жылғы 17 ақпанда Бейнеу полигонында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құрлық әскерлері таратқан мәліметке сәйкес, жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты сарбаз қарумен жұмыс істеу барысында оқ тиіп, сол жерде жан тапсырған.

«Осы факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына министрдің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жетекшілік ететін комиссия жіберілген.

Бас прокуратура да әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады. Оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаментінің басшысы барған.

«Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процессуалдық прокурор айқындалды», – делінген ақпаратта.

Істің тергелу барысы Бас прокуратураның бақылауына алынған. Бұған дейін әлеуметтік желілерде әскерде жүргенде жағы сынған сарбаз Есбол Қапардың видеосы тараған еді.