Burger King Kazakhstan компаниясы қызметкерге қатысты дау мен кемсіту сипатындағы сөздер айтылды деген айыптаулардан кейін екі шетелдік менеджермен еңбек шартын тоқтатты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Компания әлеуметтік желідегі ресми парақшасында ішкі тексеріс нәтижесінде осындай шешім қабылданғанын мәлімдеді.
«Өңірлік менеджерлер Сергей мен Анастасия енді компания қызметкерлері емес. Burger King Kazakhstan кемсіту, құрметтемеу немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының ар-намысына тиетін кез келген сөз, әрекет түрін үзілді-кесілді қабылдамайды, қарсылық білдіреді», – делінген хабарламада.
Компания ішкі тексерістің әлі аяқталмағанын атап өтті.
«Осы жағдайдың мән-жайын анықтау жалғасып жатыр. Барлық деректі жан-жақты және әділ қарау үшін ішкі үдерістер мен ұжым ішіндегі өзара әрекетке қосымша талдау жүргізіп жатырмыз. Burger King Kazakhstan жұмысқа қабылдау мен қызмет барысында барлық қызметкерлерге тең мүмкіндік ұсынады», – деп мәлімдеді компания.
Әлеуметтік желідегі қазақстандықтар наразылық білдіруін жалғастырып жатыр. Кейбірі компания басшылығында ауқымды өзгерістер жасап, шетелдік басқарушылардың орнына қазақстандық мамандарды тағайындауды талап етуде.