homepage
Фото: Tengrinews.kz

Назарбаеваның иелігіндегі «Думан» қонақ үйін «Отбасы банк» сатып алды

17.02.2026, 15:13

Бұрын Дариға Назарбаева иелік еткен «Думан» қонақүйі Отбасы банк меншігіне өтті. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, «Думан» – мемлекетке қайтарылған актив. Оны бұған дейін аукцион арқылы сату әрекеттері жасалған. Қонақүй ғимараты аукционда бұрын 14 млрд теңгеге бағаланған.

«Бұл активті сату саясаты аясында оны аукционға шығару әрекеттері болды. Алайда ұсынылған баға қатысушыларды қанағаттандырмады. Аталған нысан шаршы аумағы мен техникалық параметрлері жағынан дәл «Отбасы банкінің» көшуіне лайық болды. Банкке арнайы инфрақұрылым қажет, бұл ғимарат соған сәйкес келді. «Отбасы банк» заңнама аясында конкурсқа толыққанды қатысып, нысанды сатып алды және қаражатты мемлекетке аударды», – деді Қарағойшин.

Осылайша, ғимаратты шартты түрде мемлекет иелігінде қалды деуге болады. Қарағойшиннің сөзінше, жаңа нысан салу әлдеқайда қымбатқа түсер еді.

Жалпы аумағы 44 206,5 шаршы метрді құрайтын ғимаратта боулинг клубы бар, жертөлесімен қоса 18 қабаттан тұрады. Кешен 2059 жылға дейін жалға алынған жер телімінде орналасқан. Мұнда 211 қонақүй нөмірі, алты бизнес-конференц-зал, екі мейрамхана және бассейні де бар.