homepage
Фото: gov.krg

Қамшыбек Ташиев Қырғызстаннан кетті

17.02.2026, 13:40

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевтің елден ұшып кеткені белгілі болды. Бұл туралы «Өңір» телеарнасының директоры Откурбек Рахманов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Рахмановтың айтуынша, Ташиев шетелге уақытша кеткен. Жарияланған видеода сапардың мақсаты мен қанша уақытқа созылатыны туралы нақты ақпарат берілмеген. Оның елден кетуіне байланысты мемлекеттік органдар әзірге ресми түсініктеме таратқан жоқ.

Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Ташиев Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен босатылған еді. Тиісті жарлыққа президент Садыр Жапаров қол қойған.

Президенттің баспасөз қызметі бұл шешім мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікке бөлінудің алдын алу мақсатында қабылданғанын хабарлаған. Кейінірек президенттің баспасөз хатшысы туындаған шиеленісті Ташиевтің өзі емес, оның айналасындағы адамдар өршіткенін мәлімдеді. Олардың кейбірі депутаттарға қоңырау шалып, «генералды қолдауға» және «президенттің жаңа сайлауын бастауға» үгіттегені айтылған.