homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Түркістанда заңсыз темекі өндіріліп келген

17.02.2026, 12:06

Түркістан облысында азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін темекі өнімдерін заңсыз өндіріп келген топтың қызметі тоқтатылды. Қаржы мониторингі агенттігінің өңірлік департаменті Келес және Ордабасы аудандарында орналасқан үш бірдей жасырын цехты әшкерелеп, толық жойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, заңсыз өндіріс жалпы аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылған. Күн сайын шамамен 20 адам жұмысқа тартылып, тыйым салынған снюс өнімдері еліміздің барлық өңіріне жүйелі түрде таратылып отырған.

Заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 миллион қаптама пакеті, түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ арнайы өндірістік жабдықтар тәркіленді. Тәркіленген шикізат шамамен 60 миллион дана бір реттік снюс дайындауға жеткілікті болған.

Сот санкциясымен екі автокөлікке тыйым салынды. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.