Польша билігі өз азаматтарын Ресей аумағынан шығуға үндеді. Ресми мәлімдемеде бұл қадам Ресейдің Украинаға қарсы әскери әрекеттерінің күшеюімен байланысты екені айтылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Варшава Ресейге ерекше қажеттілік болмаса, сапар жасамауға кеңес берді. Билік қауіпсіздік жағдайы күрт нашарласа, шекаралар жабылса немесе күтпеген оқиғалар орын алса, эвакуация ұйымдастыру қиын болатынын ескертті.
Сонымен қатар консулдық қолдау мүмкіндігі де шектеулі болуы ықтимал. Бұл Ресейдегі польшалық дипломатиялық қызметкерлер санының азаюымен байланысты. Кей жағдайда азаматтарға алыс қалалардағы консулдық мекемелерге жүгінуге тура келеді.
Польша мен Ресей арасындағы консулдық қатынастар 2024 жылдың күзінде нашарлаған. Сол кезде екі елдің ең ірі үш қаласындағы консулдық бөлімдер жабылды. Қазір тек Мәскеу мен Варшавадағы елшіліктер ғана жұмыс істеп тұр.