Алматыда аутизм диагнозы бар қызметкер Әлібек Қаратайға қатысты жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі істі бақылауға алғанын жеткізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрлік мәліметінше, Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барған. Мекеме бұл жөнінде былай деп хабарлады:
«Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барды. Қызметкердің әкесімен телефон арқылы сөйлесу барысында өтініш беру тетіктері мен еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жұмыс берушіден алынған ақпаратқа сәйкес («QSR» ЖШС (Burger King), ұйым ішінде қызметтік тексеру жүргізілуде. Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданды».
Әңгіме әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратайдың жазбасынан кейін басталды. Оның айтуынша, аутизм спектрі бұзылған ұлы Әлібек төрт жыл бойы Burger King-те аспаз болып жұмыс істеген. Бастапқыда ұжым тарапынан қолдау болғанымен, жаңа басшылық келген соң қысым күшейгенін айтады.
Компания өз мәлімдемесінде Әлібектің жұмыстан шығарылмағанын хабарлады. Ресми ақпаратқа сәйкес, 29 желтоқсанда ол HR бөліміне демалыс туралы өтініш қалдырған, кейін байланысқа шықпаған. 6 ақпанда анасы өз атынан арыз жазған, алайда компания құжатты тек қызметкердің өзі тапсыруы керектігін алға тартқан.