homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

17-19 ақпанға арналған ауа райы болжамы

16.02.2026, 18:03

17–19 ақпан аралығында ел аумағында ауа райы құбылмалы болады: солтүстікте боран мен аяз күшейсе, оңтүстікте күн күрт жылынады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Астананың аспанын 17 ақпанда бұлт торлайды. Түнде аздап жауған қардың соңы күндіз жаңбырға ұласады деген болжам бар. Демек, көктайғақ болуы ықтимал. Желдің жылдамдығы 9–14 м/с, екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Түнде −4…−6°, күндіз 0…+2° болады. 18 ақпанда да жауын-шашын тоқтамайды. Ал 19 ақпанда ауа райы күрт өзгеріп, түнде −13…−15°, күндіз −10…−12°-қа дейін суытады. 

Алматыда керісінше, көктем лебі сезіледі. 17 ақпанда жаңбыр жауып, тұман түседі, күндіз ауа температурасы +9…+11°-қа дейін көтеріледі. 18 ақпанда жауын-шашынсыз, күн +12…+14° болады. 19 ақпанда жаңбыр жауғанымен, күндіз +16…+18°-қа дейін жылынады.

Синоптиктердің мәліметінше, 17–19 ақпанда Қазақстан арқылы Орал жақтан циклон өтіп, жауын-шашын мен боран әкеледі. 18 ақпаннан бастап солтүстіктен антициклон ығысып, солтүстік өңірлерде аяз −18…−23°-қа дейін күшейеді. Ал оңтүстікте күн жылып, ауа температурасы +15…+20°-қа дейін көтеріледі.