Отар гарнизонында мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбазды бірнеше сержант соққыға жығып, жақ сүйегін сындырған. Бұл жайында сарбаздың әпкесі әлеуметтік желіде видео жариялап хабарлады.
"Қызметінің аяқталуына төрт ай қалғанда үш сержант оны ұрып-соққан, ал бір сержант темір затпен жақ сүйегі мен мұрнын сындырған. Ол ауыр жарақат алды. Сұмдық қой мынау. Қалай армияға баламызды жібереміз?!", — дейді жыламсырап видео авторы.
Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін оны азаматтық киіммен Алматыдағы 5-қалалық ауруханаға жеткізген. Операция дұрыс жасалмаған. Соған қарамастан дәрігердің бақылауынан тыс сарбазды жеке пәтерде жасырын ұстаған.
"Екі рет ота жасалды, аузына темір конструкциялар орнатылды. Жағы дұрыс салынбаған”, — деді әпкесі.
Әскери полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін растады. Тергеу жүріп жатыр. Бірқатар лауазымды тұлғалар уақытша қызметінен шеттетілген.