homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Халық табысының жартысынан көбі азық-түлікке кетіп жатыр

16.02.2026, 15:19

Қазақстандықтардың нақты табысы азайып барады. 2025 жылдың соңғы тоқсанында адамдардың нақты табысы 2 пайызға төмендеді. Ал өткен жылдың үшінші тоқсанында қазақстандық отбасылар барлық шығынының 57,2 пайызын тамаққа жұмсаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл – 2021 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Пандемияның алғашқы жылында ғана бұл үлес 58 пайыз болған. Дамыған елдерде адамдар табысының 10–15 пайызын ғана азық-түлікке жұмсайды. Сарапшылардың айтуынша, табыстың көп бөлігі тамаққа кетсе, бұл халықтың тұрмысы төмен екенін білдіреді.

Өңірлерде жағдай әртүрлі. Жетісу облысында азық-түлікке шығын 65,8 пайызға жеткен. Түркістан облысында – 65,3 пайыз, Алматы облысында – 62,2 пайыз. Бұл аймақтарда табыс деңгейі төмен. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында көрсеткіш 50 пайыздан сәл асады. Бірақ бұл да жоғары көрсеткіш болып саналады.

Ауыл тұрғындары табысының 58,7 пайызын тамаққа жұмсайды. Қалада бұл көрсеткіш 56,5 пайыз. Қалалықтарда азық-түлік шығыны бір жылда 3,5 пайызға өскен. Соның кесірінен олар техника, телефон, көлікке арналған тауарлар мен жөндеу жұмыстарына аз ақша жұмсай бастаған. Дәрі-дәрмекке де қазақстандықтар аз шығындалмайтыны анықталды. 

Ауылда сұйытылған газға кететін шығын 20 пайыздан аса өскен. Нәтижесінде ауыл тұрғындары техника мен жөндеу заттарын аз сатып алған.