Шымкентте Бадам өзенінің бойына салынған жаңа бетон дамбасы бұзылды. Бөгет былтыр желтоқсан айында ғана қолданысқа берілген болатын. Жағалауды бекітуге бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, белгісіз адамдар өзеннің ішінен тас қазған. Соның салдарынан дамбаға зақым келген. Қазір кінәлілерді құқық қорғау органдары іздестіріп жатыр. Әзірге өзен тасыған жоқ.
Жоба аясында Бадам өзенінің 5,3 шақырымы бекітілген. Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ шағын аудандарында өзен арнасы тегістеліп, жағалауы бетондалған. Шенеуніктер бұл дамба көктемгі су тасқыны кезінде қауіптің алдын алады деген болатын.
Бүлінген бөлікті мердігер компания өз есебінен қайта жөндейді. Нысан жеті жылға кепілдікке алынған.