Павлодар облысында әскерге шақырылған жастардан «қызметтен босатып беремін» деп ақша алған әскери қызметкер алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 28 464 750 теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Іс материалдарына сәйкес, шақырту алған бірнеше жас таныстары арқылы облыстық қорғаныс істері департаментінің қызметкері Н.-мен байланысқа шыққан. 32 жастағы офицер оларды мерзімді әскери қызметтен босатып беруге уәде еткен. Қызмет құны 250 мыңнан 1,4 млн теңгеге дейін бағаланған. Ақша қолма-қол және оның туыстарының банк карталарына аударылған.
Сот құжатында төрт эпизод көрсетілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 3,6 млн теңге. Құжатта:
«Сотталушы Н. өзінің лауазымдық жағдайына байланысты мерзімді әскери қызметтен босатуға ықпал ете алмайтынын анық біле тұра, алдау жолымен бөтеннің ақшасын иемденуді көздеген», – деп жазылған.
Сот әскери қызметшіге жымқырылған соманың сегіз еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындады. Сонымен қатар ол «лейтенант» әскери атағынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан шеттетілді. Айыппұлды алты ай ішінде төлеуі тиіс.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Тергеуді ҰҚК жүргізген. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Павлодар облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы Бекзат Оразовқа қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.