Ұлыбритания билігі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілер мен чат-боттарды пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Times басылымы жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Шектеу 2026 жылдың жазында күшіне енуі мүмкін.
16 ақпанда үкімет интернеттегі қауіпсіздік туралы заңға өзгерістер енгізуді бастайды. Жаңа түзетулер кәмелетке толмағандардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеуді көздейді. Әңгіме тек дәстүрлі әлеуметтік желілер туралы емес, жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар туралы да болып отыр.
Премьер-министр Кир Стармер заңды парламент талқылауынсыз өзгертуге мүмкіндік беретін «Генрих VIII өкілеттіктерін» қолдануды қарастырып жатыр. Бұл тетік үкіметке заңдарға жедел түрде түзету енгізуге құқық береді, бірақ әдетте билік тармақтарының тепе-теңдігіне қатысты пікірталас туғызады.
Егер өзгерістер жедел қабылданса, Ұлыбритания балалардың интернеттегі белсенділігін шектеу бойынша ең қатаң саясат ұстанатын елдердің біріне айналуы мүмкін.