homepage
Фото: ашық дереккөзден

Еуропа елдері: Ресейлік оппозиционер Навальныйға эквадор бақасының уы берілген

15.02.2026, 20:24

Осыдан тура екі жыл бұрын Ресей колониясында қаза тапқан оппозиционер Алексей Навальныйдың өліміне қатысты тың деректер шықты. Оның биоматериалдарынан эквадорлық бақаның уы табылған. Эпибатидин – Оңтүстік Амеркиада кездесетін улы бақалардың терісінен алынады. Бұл туралы Еуропаның бес елінің СІМ басшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Бұған дейін еуропалық зертханалардың зерттеу деректері туралы The Insider және Der Spiegel басылымдары хабарлаған. Ұлыбритания СІМ «Сібірдегі түзету колониясында қамауда отырған Навальныйға бұл уды тек Ресей билігі ғана беруі мүмкін, біз оның өлімі үшін Ресей мемлекетін жауапты деп санаймыз», – деп мәлімдеді. 

Навальныйдың жұбайы Юля Нвальная еуропа елдеріне бұл көмегі үшін алғыс білдіріп, Путин бұл әрекеті үшін жазаға тартылуы керектігін мәлімдеді. 

2020 жылдың тамызында Алексей Навальный Томск – Мәскеу рейсі кезінде өзін жайсыз сезініп, ұшақ Омбыға шұғыл қондырылған еді. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бірнеше күн өткен соң ол ес-түссіз күйде Берлиндегі «Шарите» клиникасына жеткізіліп, оппозиционер ол жақта ұзақ емделген. Германия қарулы күштерінің арнайы зертханасы жүргізген токсикологиялық талдау оның ағзасынан «Новичок» тобына жататын жүйке-паралитикалық заттарды анықтады. 

2021 жылдың қаңтарында Навальный Ресейге оралған соң ұсталып, сотталды. Үш жылдан кейін, 2024 жылғы 16 ақпанда, ол Ямало-Ненец автономиялық округіндегі колонияда жазасын өтеу барысында белгісіз жағдайда қайтыс болды.