Қазгидромет 15–17 ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдағы күндері елдің үш ірі қаласында ауа райы әртүрлі болады: Астанада аяз күшейсе, Алматыда жауын-шашын жалғасады, Шымкентте күн жылынады.
Астанада 15 ақпанда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз. Түнде ауа температурасы -21…-23°С-қа дейін төмендейді, күндіз -6…-8°С шамасында болады. 16 ақпанда күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, бұрқасын мен көктайғақ болады. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. 17 ақпанда жауын-шашынсыз, бірақ жел күшейеді, күндізгі температура 0°С маңында болады.
Алматыда үш күн бойы жауын-шашын болжанып отыр. 15 ақпанда түнде жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, тұман мен көктайғақ болуы ықтимал. Күндіз ауа температурасы +5…+7°С. 16–17 ақпанда күндіз жаңбыр жауып, ауа температурасы +9…+12°С-қа дейін көтеріледі.
Шымкентке көктем келіп қалғанға ұқсайды. 15 ақпанда жауын-шашынсыз, күндіз +15…+17°С. 16–17 ақпанда кей жерлерде жаңбыр жауады, күндізгі температура +12…+15°С шамасында болады.