homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Наурыз ҰБТ: өтінім қабылдау басталады

14.02.2026, 12:12

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Наурыз ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Наурыздағы ҰБТ-ға ақылы негізде күндізгі бөлімге шартты түрде қабылданған студенттер, өткен жылдардың мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары және ақылы бөлімге түсуге ниетті бітіруші сынып оқушылары қатыса алады. Қатысушылар тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән тапсырады. Барлығы 120 тапсырма беріледі: 20 сұрақ Қазақстан тарихынан, 10 сұрақ оқу сауаттылығынан, 10 сұрақ математикалық сауаттылықтан және әр бейіндік пәннен 40 сұрақтан. Ең жоғары нәтиже – 140 балл.

Биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге мамандық таңдауға көмектесетін EDUNAVIGATOR.KZ платформасын іске қосты. Дайындық сапасын арттыру үшін сынақ тестілері ұсынылған. Ресми сайтта ұсынылатын әдебиеттер тізімі, Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша 100 негізгі дата, информатика терминдері, сондай-ақ қазақ және орыс әдебиеті бойынша міндетті шығармалар жарияланған.

Тестілеу кезінде талапкерлерге калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі беріледі. ҰБТ ұзақтығы – 4 сағат. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут қарастырылған.

Еске салайық, 2026 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға шамамен 184 мың адам қатысты. Оның 75 пайызы тесті қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде тапсырған, 113 талапкер ағылшын тілін таңдаған. Шекті балдан 68 пайыз қатысушы өткен. Орташа нәтиже – 64 балл, ең жоғары көрсеткіш – 138 балл.