homepage
Фото: gov.kz

Салық органдары кәсіпкерлерге үндеу жасады

13.02.2026, 18:41

Қазақстандық кәсіпкерлер 2026 жылғы 28 ақпанға дейін салық режимін таңдауы қажет. Әйтпесе 1 наурыздан бастап жүйе оларды автоматты түрде жалпыға бірдей тәртіпке ауыстырады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдану үшін 28 ақпанға дейін хабарлама жолдау керек.

“Егер осы уақытқа дейін хабарлама берілмесе, 2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей режимге көшіріледі”, -деп хабарлады комитет.

Комитет бұл ауысу қосымша келісімсіз жүзеге асатынын атап өтті. Қазіргі таңда екі нұсқа қарастырылған: жалпыға бірдей тәртіп және арнайы салық режимі. Арнайы режимдерге өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған тәртіп, оңайлатылған декларация және шаруа қожалықтарына арналған режим жатады.

Хабарламаны салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы электронды қолтаңбамен, E-Salyq Business қосымшасы арқылы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы немесе тіркелген жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде тапсыруға болады.