“Әскерден қалдырамыз”, “ақ билет алып береміз”. Әлеуметтік желілерде осындай мағынада жарнама тарап жатыр. ҚР Қорғаныс министрлігі осыған орай түсіндірме берді. Министрлік мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімді тек шақыру комиссиясы ғана қабылдайтынын айтып, медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноздарды рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері делдалдар үшін де, шақырылушылардың өздері үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство азаматтарды күмәнді схемаларға қатыспауға және медициналық комиссиялар арқылы «мәселені шешіп беруге» кепілдік береміз деп, азаматтарды жаңылыстыратын «әскери комиссариаттардың көмекшілерінің» айла-шарғыларына алданбауға шақырады.
Сонымен қатар, минстрлік мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде және қызметтен босатылғаннан кейін екі ай ішінде әскери қызметшілер үшін кредиттік демалыс (несиелік каникул) берілетінін еске салады. Белгіленген мерзімді толық өтеген азаматтарға білім беру жеңілдіктері ұсынылады. Атап айтқанда, жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ білім беру грантын ала алады және студенттік жатақханадан орын беріледі. Бүгінде елдің ЖОО тегін білім алуға арналған сертификаттар мерзімді әскери қызмет өткерген 9 мыңнан астам қазақстандыққа берілген.
“Азаматтарды мерзімді қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Азаматтар шақыру комиссиясының шақыру қағазы бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келуге міндетті. Оны жеке табыстау мүмкін болмаған жағдайда азаматтардың келуін ішкі істер органдары қамтамасыз етеді”, – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.
Медициналық тексеруді жергілікті денсаулық сақтау органдарының мамандары өткізеді. Олар азаматтың әскери қызметке жарамдылық санатын анықтайды. Заңды негіздер болған жағдайда мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату мүмкіндігі беріледі, ал басқа жағдайларда азаматтар мерзімді әскери қызметке жіберіледі.
18-ден 27 жасқа дейінгі, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ ер азаматтар әскерге шақырылады. Шақыру жылына екі рет – наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.